Не таңдаған жөн: көзілдірік пе, әлде контактілі линзалар ма?

Не таңдаған жөн: көзілдірік пе, әлде контактілі линзалар ма?

28.10.2026

Не таңдаған жөн: көзілдірік пе, әлде контактілі линзалар ма?

Көруді түзету қажеттілігі туындағанда, көпшілігі «қайсысын таңдаған дұрыс: көзілдірік пе, әлде контактілі линзалар ма?» деген сұрақ төңірегінде ойланады. Мұнда бірмәнді жауап жоқ. Екі нұсқа да жақсырақ көруге тиімді көмектеседі, бірақ әртүрлі жағдайларға, өмір салтына және көздің жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді.

Дұрыс таңдау жасау үшін көруді түзетудің әрбір әдісінің артықшылықтары мен шектеулерін түсіну маңызды.

Көзілдіріктің артықшылықтары

Көзілдірік қарапайымдылығы мен қолайлылығы арқасында көруді түзетудің ең кең таралған әдісі болып қала береді.

Пайдаланудың қарапайымдылығы:

Көзілдірікті кию және шешу оңай. Олар күрделі күтімді немесе арнайы дағдыларды талап етпейді. Тазалықты сақтау үшін линзаларды арнайы майлықпен жүйелі түрде сүртіп тұру жеткілікті.

Көз үшін қауіпсіздік:

Көзілдірік көз бетімен жанаспайтындықтан, тітіркену, қабыну және инфекциялық асқынулар қаупі барынша аз болады.

Қосымша қорғаныс:

Көзілдірік көзді желден, шаңнан және басқа да сыртқы әсерлерден қорғауға көмектеседі. Ал күннен қорғайтын линзалары бар модельдер көзді ультракүлгін сәулелерден де қорғайды.

Стиль элементі:

Заманауи жиектер (оправалар) әлдеқашан имидждің бір бөлігіне айналды. Дұрыс таңдалған көзілдірік даралықты айшықтап, образдарды толықтыра алады.

Көзілдіріктің кемшіліктері

Көптеген артықшылықтарына қарамастан, көзілдірік бәріне бірдей және барлық жағдайда келе бермейді.

Негізгі кемшіліктері:

  • спортпен және белсенді демалыспен айналысқан кезде кедергі келтіруі мүмкін;
  • температура ауытқығанда буланады;
  • жиектің кесірінен жан-жақты (боковой) көруді шектейді;
  • кейде ұзақ таққан кезде жайсыздық тудырады;
  • белсенді қозғалыс кезінде сырғып кетуі мүмкін.


Контактілі линзалардың артықшылықтары


Контактілі линзалар ыңғайлылығы мен көрудің табиғи қабылдануы арқасында көруді түзетудің барған сайын танымал әдісіне айналып келеді.

Толық көру аймағы:

Линза тікелей көзге орналасады және онымен бірге қозғалып, жиектің шектеуінсіз кең шолуды қамтамасыз етеді.

Белсенді өмір салтындағы жайлылық:

Контактілі линзалар спортпен шұғылдану кезінде кедергі жасамайды, қыста буланбайды және қозғалыс кезінде сырғымайды.

Табиғи сыртқы келбет:

Линзалар айналадағыларға дерлік байқалмайды, сондықтан көзілдіріксіз үйреншікті сыртқы келбетті сақтауға мүмкіндік береді.

Күнделікті өмірдегі қолайлылық:

Контактілі линзаларды саяхаттарда, іс-шараларда, фототүсірілімдерде және көзілдірік ыңғайсыздық тудыруы мүмкін жағдайларда пайдалану өте ыңғайлы.


Контактілі линзалардың кемшіліктері

Контактілі линзалар көз саулығына жауапкершілікпен қарауды талап етеді.

Мына жайттарды ескеру қажет:

  • гигиена ережелерін қатаң сақтау қажет;
  • жүйелі күтім мен линзаларды уақтылы ауыстыру талап етіледі;
  • дұрыс пайдаланбаған жағдайда қабыну асқынулары дамуы мүмкін;
  • кейбір адамдар таққан кезде құрғақтық немесе жайсыздық сезінуі мүмкін;
  • линза тағуға шектеу қойылатын көздің белгілі бір жағдайлары мен аурулары болады.


Қандай жағдайларда көзілдірікті таңдаған дұрыс

Көзілдірік мынадай жағдайларда оңтайлы нұсқа бола алады:

  • сіз уақытыңыздың көп бөлігін үйде немесе офисте өткізсеңіз;
  • көзіңізде құрғақтыққа бейімділік болса;
  • контактілі линзаларға күнделікті күтім жасауға дайын болмасаңыз;
  • жұмысыңыз немесе өмір салтыңыз жоғары физикалық белсенділікті талап етпесе;
  • контактілі линзаларды тағуға қарсы көрсетілімдер болса.
  • Көптеген адамдар үшін көзілдірік көруді түзетудің ең қарапайым, қауіпсіз әрі ыңғайлы әдісі болып қала береді.

Қандай жағдайларда контактілі линзаларды таңдаған дұрыс

Контактілі линзалар мынадай жағдайларда ең жақсы шешім болады:

  • сіз белсенді өмір салтын ұстансаңыз;
  • спортпен шұғылдансаңыз;
  • көзілдіріксіз табиғи сыртқы келбетіңізді сақтағыңыз келсе;
  • сіз үшін барынша кең көру аймағы маңызды болса;
  • көзілдірік күнделікті өмірде немесе жұмыста қолайсыздық тудырса.


Дәрігердің ұсыныстарын сақтап, дұрыс таңдаған жағдайда заманауи контактілі линзалар күні бойы жоғары деңгейдегі жайлылықты қамтамасыз етеді.

Тек біреуін ғана таңдау керек пе?

Шын мәнінде, көптеген адамдарға тек көзілдірік пен линзаның арасында ғана таңдау жасаудың қажеті жоқ.

Жиі кездесетін әрі ең ыңғайлы шешім — көруді түзетудің екі әдісін де қатар қолдану. Мысалы, контактілі линзаларды күндіз жұмыс, спортпен шұғылдану немесе серуендеу кезінде тағып, ал көзілдірікті кешке үйде немесе қосымша нұсқа ретінде пайдалануға болады.

Мұндай тәсіл әрбір түзету әдісінің артықшылықтарын алуға мүмкіндік береді және қосымша жайлылықты қамтамасыз етеді.

Қорытынды

Көзілдірік те, контактілі линзалар да көруді түзетуге тиімді көмектеседі. Таңдау өмір салтына, көздің жағдайына, жеке қалауларға және маманның ұсыныстарына байланысты.

Егер қай нұсқаның дәл сізге сәйкес келетініне күмәндансаңыз, офтальмологтың тексеруінен өткен жөн. Маман көздің жағдайын бағалауға және қажеттіліктеріңіз бен өмір салтыңызды ескере отырып, көруді түзетудің ең ыңғайлы әрі қауіпсіз әдісін таңдауға көмектеседі.